Алматыда ең үздік digital-ұстаз анықталды

Жоба аясында YouTube желісінде тегін білім беру вебинарлары, сонымен қатар басқа да әлеуметтік желілерде пайдалы әрі қызықты материалдар жарияланды.

Іс-шара шын мәнінде ауқымды болды, бірінші кезеңге барлығы 2 647 мұғалім тіркелді. Бірінші кезеңнің тапсырмасын – мультимедиялық мақала құруды – 243 қатысушы іске асырды, оның ішінде 105 ұстаз келесі кезеңге өтті.

Одан әрі байқау қатысушылары сандық құралдарды қолдана отырып сабақ әзірлеуі керек болды. Бұл тапсырманы ең жақсы орындаған 30 мұғалім үшінші кезеңге өтіп, 21-26 қараша аралығында Қазақстандағы мұғалімдерге арналған алғашқы интенсив лагерьде болып қайтты.

Алты күнге созылған Ustaz Camp «Оi-Qaragai Lesnaya Skazka» тау курортының аумағында орналасты. Байқаудың жартылай финалистері жағымдыны пайдалымен үйлестіріп, бос уақыттарында табиғатта демалып, жаңа дағдыларды игерді.

Лагерь бағдарламасы жалпы ұзақтығы 53 академиялық сағатты құрайтын 6 сабақ блогын және жалпы ұзақтығы 7,5 сағатты құрайтын кешкі интерактивтерді қамтыды.

Сабақтар digital білім берудің өзекті тақырыптарына арналды және теориялық, практикалық бөліктерді қамтыды. Спикерлер ретінде Қазақстан мен ТМД елдерінен 8 маман сөз сөйледі, олардың 5-еуі білім беру және цифрлық педагогика саласындағы танымал сарапшылар.

Ustaz Camp қорытындысы бойынша 10 суперфиналист анықталып, олар дипломдар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Тарих пәнінің мұғалімі, Galaxy International School гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Сағынғали Қалиев байқау жеңімпазы атанды.

Ол М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2011 жылы «Тарих» мамандығы бойынша үздік бітірген. Назарбаев университетінің кәсіби даму бағдарламасының (PDP) тыңдаушысы, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар магистрі (2014-2016 жж.).

НЗМ баспасына арналған 9 және 10-сынып дүниежүзілік тарих оқулықтарының авторы. International Baccalaureate Organization және Cambridge International Examinations - A-Levels халықаралық білім беру жүйелерінің емтихан алушысы.

Қазақстан Республикасы, Германия, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, ҚХР-дағы семинарлардың тыңдаушысы болған, Италияда өткен IB халықаралық конференциясының жұмысына қатысқан. Ресей мен Нидерландыда өткен халықаралық конференцияларда спикер ретінде сөз сөйлеген. Назарбаев Университетінің «100 сарапшы» бағдарламасына қатысқан (2017 ж.).

Енді ол Лондонға барып, ағылшын білім беру ұйымдарының бірінде тәжірибе жинайды.

Екінші орынды «Білім-Инновация» лицейінен Ерлан Нұғман мен Нұрбек Серікұлы бөлісті, үшінші орынды (№31 ЖББМ КММ) Ерлан Керімбай иеленді.

Ұзақ мерзімді құндылықтарды да атап өткен жөн: Digital Ustaz Almaty конкурсанттары озық білімнің тасымалдаушыларына айналды. Болашақта олар жинаған білімдерін өз мектептерінде қолданып, тәжірибелерімен бөлісіп, әріптестеріне жеке үлгі көрсететін болады. Осылайша, байқауға өтінім берген мұғалімдерден де көбірек адам саны біліммен қамтылады.

Қысқаша статистикаға тоқтала кетейік:

  • Қатысушылардың 83.3%-ы жеке емес, мемлекеттік мектептерде жұмыс істейді.
  • Байқауға қатысушылар арасында ең көбі ағылшын тілі мұғалімдері (30%), ал ең азы – орыс және қазақ тілі мұғалімдері (3%) болды.
  • 38.9% тек орта мектеп оқушыларына, 36.1% барлығына сабақ береді. Тек бастауыш және жоғары сыныптарды оқытатындар аз болды (13.9% және 11.1%).
  • Мұғалімдердің көпшілігінің оқыту тілі – орыс тілі (41.7%). Содан кейін ағылшын (36.1%) және қазақ (22.2%) тілдері.

Жоба Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры, EdCrunch Academy заманауи білім беру институты және ұйымдастырған. Бас серіктесі «Алматы кітап баспасы» баспасы болса, ресми серіктесі – «Халық» қайырымдылық қоры.